Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді ауылында облыстың ауыл шаруашылығына қатысты кеңейтілген ғылыми семинар-кеңес болды. Семинар кеңесте көкөніс, жеміс-жидек өндірудің мәселелері және жылыжайларды уақыт талабына сай қалай дамыту керек деген сұрақтарға нақты жауаптар іздестірілді. Аталған мәжіліске аудан әкімдері орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің бастықтары, ауылшаруашылығы құрылымдары мен қайта өңдеу мекемелерінің және ғылыми мекемелердің, фирмалардың жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Келелі әңгімені бастамастан бұрын семинар-кеңеске келгендер шаруашылықтарда жолға қойылған озық тәжірибелерге назар аударды. Ондағы жүзеге асып жатқан жұмыстармен танысып, жаңадан ене бастаған жаңалықтарды көзбен көріп, қолмен ұстауға ден қойды. Осыған байланысты толғандырып отырған жайларға көңіл бөлді.
Облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбе¬ков бастаған семинарға қатысушылар тобы ең алдымен Кербұлақ ауылына ат басын бұрып, жеміс-көкөніс дақылдарын тамшылатып суару әдістерінің қалай іске асып жатқанымен танысты. Оның пайдалы жақтарын, су қорын үнемдеу тұстарын өз көздерімен көрді. Осы орайда бұл өңірде еңбек етіп жатқан «Жаңа Ақ дала» агрофирмасының жетекшісі Қайрат Тәжітаевтің пікірлері көп жайларды аңғартты. Агрофирманың негізгі орталығы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан екен. 3 жылдан бері аталған агрофирма тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолданып келе жатыр. Оның нәтижелері жаман емес. Сондықтан биылғы жылы мұндай әдістерді Жетісу өңіріне де қолдануға мүмкіндіктер табылғаны жаңалыққа ұмтылған ауылшаруашылық қызметкерлерін барынша құлшындырып отыр.
– Биыл Қапшағай қаласына қарасты Кербұлақ ауылында осы әдіспен жұмыс істеу үшін біздің агрофирмаға 1440 гектар жер бөлінді. Кешегі кеңестік ұжымшарлар тарағаннан бері бұл аймақтар босқа жатқан екен. Енді мүмкіндігі жоқ деген жерлерге тамшылату әдістері бойынша емін-еркін су келетін болды. Соның нәтижесінде 100 гектарға пияз өсірілді, 100 гектарға алма ағаштары отырғызылды. Ең бастысы, бұлар ауа райына тәуелді емес. Оның бәрі тамшылатып суарудың арқасы. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, отырғызылған көшеттердің сапалы өсуі өте жоғары деңгейде болады. Екіншіден, жай суару әдістеріне қарағанда тамшылатып суару кезінде су өсімдік бойына бірқалыпты сіңеді. Яғни, олардың 97 пайызға толық жетілуіне кепілдік бар деген сөз, - дейді агрофирманың жетекшісі.
Бұдан кейін «ЖетісуАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шаруашылығындағы жаңбырлатқыштардың жұмыс істеу үдерістерімен танысты. Негізінде мұндай әдістер кешегі кеңес кезеңінде де қолданылған. Бірақ бүгінгі қолданылып жатқан техниканың сапасы да, қамту аясы да одан әлдеқайда кең. Себебі, жаңбырлатқыш техникалары Голландиядан сатып алынып, сол елдегі озық технологиялар бойынша жұмыс істеуде екен. Мұндай әдіс шаруашылыққа мол пайдасын тигізуде. Ұжымда жоғары білімді шетелдік және жергілікті мамандар бірлесіп еңбек етуде. «ЖетісуАгро» ЖШС биылғы жылы 625 тонна соя бұршағын, 30 тонна арпа дәнін, 12000 тонна пияз, 650 тонна көкөніс, 2000 тонна картоп, 200 тонна жонышқа өнімін алуды жоспарлап отыр. Және сол деңгейден шығатындарына толық сенімді.
Кеңеске қатысушылар сонымен қатар, Ақөзек ауылында да болды. Мұндағы майбұршақ, дәнді жүгері алқаптарын аралап көрді. Содан кейін Шеңгелді ауылындағы орта мектептің мәжіліс залында ғылыми семинар-кеңесті одан әрі жалғастырды.
Мәжілістің беташар сөзінде облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков басқосудың маңыздылығына тоқталды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын өркендетуге ерекше назар аударып, сала басшыларына бірқатар міндеттерді жүктеп отыр. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бұл істердің қосатын үлесі зор. Жетісу жерінде Талдықорған, Қапшағай, Текелі сияқты қалалар бар. Сонымен қатар, Алматыны көкөніс, жеміс-жидек өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Бүгінгі таңда мұнымен ғана шектеліп қалуға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруды кеңінен өрістететін мезгіл жетті деп есептейміз. Сондықтан, ендігі жерде ауыл шаруашылығы жұмысы мен ауыл шаруашылығы ғылымын ұштастырудың пайдасы өте мол. Әкімнің орынбасары осындай жайларға баса назар аударды. Бұдан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сейіткәрім Қалтаев Жетісу өңірінде көкөніс, жеміс-жидек және жылыжай шаруашылығын дамытудың мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Семинар-кеңесте картоп және көкөніс ғылыми зерттеу институтының директоры Теміржан Айтбаев бұл салаға ғылыми тұрғыдан мол көмек көрсету қажеттігіне тоқталды. Жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Евгений Михайлович Сальников Қазақстан селекциясында жеміс-жидек дақылдарының жаңа сорттары жөнінде әңгімеледі. Ғылыми кеңеске қатысқан басқа да ғалымдар мен мамандар өз пікірлерін ортаға салды. Аталған мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков қорытындылады.
Болат МӘЖИТ.



















